Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында "Спорт есірткіге қарсы" ұранымен отбасылық жарыс өтті

Талдықорған қаласындағы Жастар спорт кешенінде Жетісу облысы полиция департаменті мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен "Әкем, анам және мен – спорттық отбасымыз" атты облыстық кешенді отбасылық жарыс өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес айлығы аясында "Спорт есірткіге қарсы" ұранымен ұйымдастырылып, салауатты өмір салтын насихаттауға, отбасы құндылықтарын нығайтуға, бұқаралық спортты дамытуға және жастар арасында есірткіге қарсы көзқарас қалыптастыруға бағытталды.

Жарысқа Жетісу облысының қала және аудандарынан келген тоғыз отбасылық команда қатысты. Қатысушылар түрлі спорттық кезеңдер бойынша бақ сынап, жоғары дайындық деңгейін, ұйымшылдық пен жеңіске деген жігерін көрсетті. Сайыстар достық пен өзара қолдау атмосферасында өтіп, көрермендер мен қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.

Тартысты өткен бәсекенің қорытындысы бойынша Алакөл ауданының командасы жеңімпаз атанып, бірінші орынды иеленді. Кербұлақ ауданының командасы екінші орынға тұрақтаса, Сарқан қаласының командасы үздік үштікті түйіндеді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар мен ақшалай сертификаттар табысталды. Бірінші орын иегерлеріне – 300 мың теңге, екінші орынға – 200 мың теңге, ал үшінші орынға – 100 мың теңге көлемінде сыйақы берілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай спорттық жарыстар отбасы мүшелерінің өзара байланысын нығайтып қана қоймай, жастарды дене шынықтырумен тұрақты айналысуға ынталандырады. Сонымен қатар, бұл бастамалар жас ұрпақ арасында нашақорлықтың алдын алуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға оң ықпал етеді.

Шара соңында жарысқа қатысқан барлық отбасыларға алғыс айтылып, отбасылық спортты дамыту қоғам денсаулығын нығайтудың және өскелең ұрпақты тәрбиелеудің маңызды тетіктерінің бірі екені атап өтілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру