Павлодар тұрғыны баласын құтқарған учаскелік инспекторға алғысын білдірді
Павлодар тұрғыны баласын құтқарған учаскелік инспекторға алғысын білдірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласының тұрғыны төтенше жағдайда дер кезінде көмек көрсеткен полиция қызметкеріне шынайы ризашылығын жеткізді.
Қызметтік міндетін атқару барысында Солтүстік полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Мадияр Жүзжасарға қолына кішкентай баласын көтерген әйел жүгіріп келді. Қатты қобалжыған ана көмек сұрап, баласын иттің қатты қауып алғанын және оған шұғыл медициналық көмек қажет екенін айтты.
Уақыттың әр минуты маңызды екенін түсінген полиция қызметкері бірден әрекет етті. Ол анасы мен жылап тұрған баланы қызметтік автокөлікке отырғызып, арнайы дыбыс және жарық белгілерін қосып, оларды жедел түрде аурухананың қабылдау бөліміне жеткізді.
Полиция қызметкерінің жедел әрі батыл әрекетінің арқасында дәрігерлер балаға дер кезінде қажетті медициналық көмек көрсетті. Қазіргі уақытта оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
Баланың анасы Мадияр Жүзжасарға бейжай қарамағаны, адамгершілігі мен жанашырлығы үшін алғысын білдірді.
Бұл оқиға полиция қызметінің басты мақсаты – қандай жағдай болмасын азаматтардың жанынан табылып, оларға көмек көрсету екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
