Алматы облысында үздік жас жол инспекторлары анықталды
Алматы облысында облыстық жас жол инспекторларының слеті өтіп, оған өңірдің қала және аудан мектептерінен келген командалар қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың жол қозғалысы ережелері бойынша білімін арттыру, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру және құқықтық мәдениетін дамыту.
Слет барысында қатысушылар жол қозғалысы ережелерін меңгеру деңгейін көрсетіп, велосипедті мәнерлеп жүргізу, реттеушінің қимылдарын дұрыс орындау, алғашқы медициналық көмек көрсету және жол қауіпсіздігін насихаттау бағыттары бойынша өзара бақ сынасты.
Жарыс қорытындысы бойынша Іле ауданының командасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды Талғар ауданының командасы иеленсе, үшінші орын Еңбекшіқазақ ауданының командасына бұйырды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапаттарға ие болды. Ал бірінші орын алған команда Қостанай қаласында өтетін республикалық жас жол инспекторлары слетінде Алматы облысының намысын қорғайды.
Алматы облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Ұлан Көлбайұлының айтуынша, мұндай іс-шаралар балалар арасындағы жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, сондай-ақ жасөспірімдердің заң мен тәртіпке деген құрметін қалыптастыруға ықпал етеді.
Жас жол инспекторлары жол қозғалысы қауіпсіздігін насихаттап қана қоймай, өз құрдастарына үлгі бола отырып, қоғамда қауіпсіздік мәдениетін орнықтыруға өз үлестерін қосып келеді.
