Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында полицейлер медициналық қызмет көрсету саласындағы алаяқтықтан сақ болуға шақырады

Абай облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы азаматтарды медициналық қызметтерді пайдалану кезінде сақ болуға және алаяқтардың арбауына түспеуге шақырады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Соңғы уақытта интернет-алаяқтар өздерін емхана, медициналық мекеме немесе тіркеу қызметінің қызметкерлері ретінде таныстырып, дәрігердің қабылдауына жазылуға немесе кезекке тіркеуге көмектесетінін айтып хабарласу жағдайлары жиілеген.

Осы кезде азаматтардың сеніміне кіріп, "Aitu Passport" сияқты цифрлық қосымшаларға кіру үшін SMS арқылы келетін кодты айтуды сұрайды. Алайда мұндай кодтар жеке деректерге, электрондық қызметтерге және цифрлық сәйкестендіру жүйелеріне қол жеткізуге мүмкіндік беретін маңызды ақпарат болып табылады.

"Aitu Passport" – Aitu экожүйесіндегі бірыңғай авторизациялау қызметі әрі бұлттық электрондық цифрлық қолтаңба арқылы құжаттарға қол қою құралы. Сондықтан мұндай кодтарды ешкімге беруге болмайды.

Мамандардың айтуынша, SMS арқылы келетін растау кодын үшінші тұлғаға хабарлау жеке аккаунттардың бұзылуына, дербес деректердің заңсыз пайдаланылуына және қаржылық шығындарға әкелуі мүмкін.

Полиция азаматтарға ешбір ресми медициналық мекеме немесе мемлекеттік орган қызметкері SMS арқылы келген құпия кодтарды сұрамайтынын ескертеді. Егер сізден осындай ақпарат талап етілсе, әңгімені дереу тоқтатып, күмәнді қоңырау немесе хабарламаны елемеген жөн.

Киберполицейлер келесі қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді:

• SMS арқылы келген растау кодтарын ешкімге, тіпті таныстарыңызға да хабарламаңыз;
• Бейтаныс нөмірлерден түскен қоңыраулар мен хабарламаларға сақтықпен қараңыз;
• Медициналық қызметтерді тек ресми қосымшалар мен интернет-ресурстар арқылы пайдаланыңыз;
• Күмәнді жағдай туындаған жағдайда полицияға немесе тиісті байланыс орталықтарына хабарласыңыз.

Цифрлық қауіпсіздік – әр азаматтың жеке жауапкершілігі. Бір ғана растау кодын бөгде адамға беру арқылы алаяқтарға жеке деректеріңізге қол жеткізуге мүмкіндік беруіңіз мүмкін. Сондықтан қырағылық танытып, жеке мәліметтеріңіздің қауіпсіздігін сақтауға ерекше мән берген жөн.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру