Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында интернет-алаяқтық азайды: полицейлер кең таралған алаяқтық тәсілдері туралы ескертті

Абай облысында интернет-алаяқтық азайды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жыл басынан бері Абай облысында интернет-алаяқтықтың 457 дерегі тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28 фактіге немесе 5,8%-ға аз. Сонымен қатар мұндай қылмыстардың ашылу көрсеткіші 21,4%-ға артып, жәбірленушілерге 30 млн теңге қайтарылды.

Полицейлердің мәліметінше, алаяқтар көбіне қашықтан әрекет етеді. Ең көп таралған алаяқтық тәсілдері мыналар:
▪️ өзін банк немесе полиция қызметкері ретінде таныстыру;
▪️ жалған инвестициялық жобаларды ұсыну;
▪️ жалған интернет-дүкендер арқылы алдау;
▪️ мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі аккаунттарды бұзу.

Қаскөйлердің негізгі мақсаты – азаматтарды өз еркімен ақша аударуға немесе құпия мәліметтерін беруге көндіру. Олар SMS арқылы келген растау кодын, банк картасының деректерін сұрайды, бөгде қосымшаны орнатуды немесе қаражатты "қауіпсіз шотқа" аударуды талап етеді.

Интернет-алаяқтардың құрбаны кез келген адам болуы мүмкін. Дегенмен, тәжірибе көрсеткендей, көбіне егде жастағы азаматтар мен цифрлық технологияларды жеткілікті меңгермеген адамдар алданады.

Полицейлер азаматтарға сақтық шараларын қатаң ұстануға кеңес береді. Егер WhatsApp немесе Telegram арқылы белгісіз нөмірден хабарласып, ақша аударуды, сілтемеге өтуді немесе SMS-кодты айтуды талап етсе, әңгімені дереу тоқтатып, алынған ақпараттың дұрыстығын тек ресми арналар арқылы тексеру қажет.

Егер алаяқтарға ақша аударып қойған болсаңыз, уақыт оздырмай банкке хабарласып, қаржылық операцияны бұғаттауға әрекет жасап, бірден "102" арнасына хабарласыңыз.

Абай облысы полиция департаменті азаматтарды қырағы болуға шақырады. Жинақтарыңызды қорғаудың ең тиімді жолы – бейтаныс адамдарға сенбеу, банк картасының деректері мен растау кодтарын ешкімге бермеу және кез келген ақпараттың шынайылығын тек ресми дереккөздер арқылы тексеру.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру