Атырауда арнайы мақсаттағы бөліністердің республикалық турнирі қорытындыланды
Атырауда өткен полиция мен Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы бөліністері арасындағы IV республикалық тактикалық көпсайыс турнирінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген арнайы жасақ қызметкерлері кәсіби шеберліктерін сынға салды. Турнир қорытындысы бойынша үздіктер анықталып, жеңімпаздар ІІМ-нің ауыспалы Кубогымен марапатталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
6-9 маусым аралығында Атырау қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің ауыспалы Кубогына арналған полиция мен Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы бөліністері арасындағы IV республикалық тактикалық көпсайыс турнирі өтті.

Ауқымды жарысқа ІІМ-нің "С" қызметі, Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы бөлімдері, сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің барлық өңірлерінен келген арнайы жасақ қызметкерлері қатысты.

Турнирдің ашылу рәсіміне Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев қатысып, командаларға сәттілік тіледі. Өз сөзінде ол мұндай жарыстар арнайы мақсаттағы бөліністердің кәсіби даярлығын жетілдіруге, тәжірибе алмасуға және жауынгерлік әзірлікті арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Төрт күнге созылған жарыс барысында қатысушылар қарудан дәл ату, кедергілер жолағынан өту, арнайы операция элементтерін орындау, штурмдық іс-қимылдар жүргізу және зардап шеккендерді эвакуациялау сияқты күрделі сынақтардан өтті. Турнир арнайы мақсаттағы бөліністердің кәсіби шеберлігін шыңдап, олардың өзара іс-қимылын нығайтуға бағытталды.
Турнирдің жабылу және жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Атырау облысы полиция департаментінің алаңында өтті. Салтанатты шарада ПД бастығы Оңал Бекеев жарысқа қатысқан барлық командаларды құттықтап, олардың жоғары кәсіби дайындығы мен жауынгерлік шеберлігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар мұндай жарыстардың қызметкерлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік беретінін жеткізді.
Бес күнге созылған республикалық турнир қорытындысы бойынша І орынды Алматы қаласының командасы иеленді. ІІ орын ІІМ-нің "С" қызметіне бұйырса, ІІІ орынды Қарағанды облысының командасы еншіледі.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің ауыспалы Кубогымен және арнайы марапаттармен наградталды.
