Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда есірткі дүкендерін жарнамалайтын граффити арналары жойылды

Алматы қаласында есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысты интернет-ресурстарды көше қабырғаларына граффити түрінде жарнамалау деректерінің жолы кесілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция қызметкерлері есірткіге қатысты интернет-сайттарды жарнамалайтын жазуларды салуға қатысы бар екі ер адамды анықтап, ұстады.

Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілердің бірі мұндай әрекетке алғаш рет барған. Оған граффити орналастырғаны үшін күніне 80 мың теңгеге дейін сыйақы төленетіні уәде етілген. Ұйымдастырушылармен байланыс телефон арқылы жүзеге асырылған.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында граффити салуға пайдаланылған құралдар мен байланыс құрылғылары тәркіленді. Сонымен қатар заңсыз жарнамалар орналастырылған орындар анықталып, толықтай жойылды.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Алматы қаласы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Батыржан Абдумасаровтың айтуынша, есірткі жарнамасын тарату – қылмыстық тізбектің бір бөлігі.

— Кейбір азаматтар мұндай әрекетті оңай табыс көзі ретінде қабылдауы мүмкін. Алайда есірткі жарнамасын тарату арқылы олар заңсыз айналымға тікелей қатысушыға айналып, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Біз мұндай фактілерді жүйелі түрде анықтап, жолын кесіп келеміз, — деді ол.

Полиция азаматтарды интернеттегі күмәнді "жеңіл табыс" ұсыныстарына сенбеуге және есірткі жарнамасына қатысты кез келген дерек туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру