Жетісу облысында Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай велошеру өтті
Жетісу облысы Текелі қаласында Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай велошеру өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Текелі қаласында Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай велошеру ұйымдастырылды. Іс-шара қала әкімдігінің ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімімен бірлесіп өткізілді.
Спорттық шараға әртүрлі жастағы қала тұрғындары, жастар ұйымдарының өкілдері, спорт сүйер қауым мен салауатты өмір салтын ұстанушылар қатысты.
Велошеру басталар алдында полиция қызметкері қатысушыларды айтулы күнмен құттықтап, дене шынықтыру мен спорттың адам өміріндегі маңызына тоқталды. Сонымен қатар жастарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, зиянды әдеттерден аулақ болуға және дұрыс өмірлік ұстанымдарды таңдауға шақырды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау және тұрғындарды тұрақты түрде спортпен айналысуға ынталандыру.
Велошеруге қатысушылар белгіленген бағыт бойынша қашықтықты сәтті еңсеріп, бұқаралық спортты дамытуға және денсаулықты нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдайтындарын көрсетті.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар өскелең ұрпақтың бойында дұрыс өмірлік құндылықтарды қалыптастыруға, салауатты өмір салтын дәріптеуге және есірткіге байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстардың маңызды бөлігі болып табылады.
