Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысында есірткілік масаң күйде көлік жүргізген жүргізуші ұсталды

Ақтөбе облысында есірткілік масаң күйде көлік жүргізген жүргізуші ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе қаласында патрульдік полиция қызметкерлері "Заң және тәртіп" қағидатын қамтамасыз ету және жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау мақсатында рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде жүргізуде.

Қызмет атқару барысында Ш. Уәлиханов көшесінде полицейлер Opel автокөлігін тоқтатты. Құжаттарды тексеру кезінде жүргізушінің мінез-құлқы тәртіп сақшыларының күдігін туғызды.

Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, жүргізушінің есірткілік масаң күйде көлік басқарғаны анықталды.

Тексеру барысында оның осыдан тура бір жыл бұрын дәл осындай құқық бұзушылық жасағаны үшін көлік құралдарын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. Соған қарамастан, ол қайтадан рөлге отырып, өзге жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндірген.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай қылмыс үшін көлік құралдарын басқару құқығынан өмір бойына айыру және бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Жыл басынан бері Ақтөбе облысының жолдарында бұрын жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан, масаң күйде көлік басқарған 170 жүргізуші анықталды.

Полиция азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде көлік басқару – жол-көлік оқиғаларына әкелетін ең қауіпті құқық бұзушылықтардың бірі. Мұндай әрекеттер үшін заңда қатаң жауапкершілік қарастырылған және құқық бұзушыларға қатысты "Заң және тәртіп" қағидаты аясында тиісті шаралар қабылданады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру