Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алакөл бағытындағы жолдар дрондар арқылы бақылауға алынды

Абай облысында полиция дрондардың көмегімен Алакөл тасжолындағы бақылауды күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы аумағында Алакөл көліне бағытталған туристік маусымның басталуына байланысты жол қозғалысы қарқынының айтарлықтай артқаны байқалуда. Соған сәйкес өңірге келушілер легінің көбеюі Мақаншы–Жалаңашкөл автожолына түсетін жүктемені күшейтіп, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінің өзектілігін арттыра түсті.

Осы орайда Абай облысы полиция департаментінің қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында күшейтілген режимде жұмыс жүргізуде. Құқық бұзушылықтардың алдын алу, жол-көлік оқиғаларының жолын кесу және көлік қозғалысын тұрақты бақылауда ұстау мақсатында заманауи цифрлық технологиялар кеңінен қолданылуда. Атап айтқанда, әуеден бақылауға арналған ұшқышсыз ұшу аппараттары – дрондар тиімді пайдаланылуда.

Әуеден жүргізілген бақылау барысында қарсы қозғалыс жолағына шығу, белгіленген жылдамдық режимін бұзу, қауіпті маневрлер жасау және өзге де жол қозғалысы ережелерін сақтамау деректері дер кезінде анықталып, олардың жолы кесілуде. Мұндай құқық бұзушылықтар тек жүргізушілердің ғана емес, жолаушылар мен барлық жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді.

Осыған байланысты Мақаншы аудандық полиция бөлімінің бастығы Әділ Ковнашаров жүргізушілерге үндеу жасап, жолдағы тәртіптің маңыздылығын ерекше атап өтті:

- Жол қозғалысы ережелерін сақтау – әрбір жүргізушінің міндеті. Алакөл бағыты бойынша көлік ағынының артуына байланысты біз күшейтілген режимде жұмыс істеп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған барлық қажетті шараларды қабылдап отырмыз. Әрбір жүргізуші өз өмірі мен өзге адамдардың қауіпсіздігіне жауапты екенін ұмытпауы тиіс, – деді ол.

Құрметті жүргізушілер! Жол – жоғары тәртіп пен жауапкершілікті талап ететін ортақ кеңістік. Полиция қызметкерлері жүзеге асырып жатқан бақылау және профилактикалық шаралар жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі болып табылады.

Белгіленген жылдамдық режимін сақтау, қауіпті маневрлерден бас тарту және жолда мұқият болу – әрбір азаматтың міндеті. Әрбір сапардың қауіпсіздігі тек полиция бақылауына ғана емес, сонымен қатар жүргізушілердің жеке жауапкершілігіне де тікелей байланысты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру