Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Балалық арманнан кәсіби жолға дейін

Кәсіби мереке қарсаңында бала кездегі арманы өмірлік мақсатына айналған Марат Ғалиев тағылымды жолын таныстырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Адам тағдыры көбіне балалық шақтан қалыптасады. Қазақстан Республикасы ІІМ ҚАЖК №44 мекемесі бастығының орынбасары Марат Ғалиев мамандыққа деген жолы екінші сыныптан басталған. Арада қаншама жыл өтсе де, анасы ұлының мектепте жазған шығармасын көзінің қарашығындай сақтап келеді. Онда кішкентай Марат: "Өскенде полиция қызметкері болғым келеді" деп нық сеніммен жазған екен.

Марат Нұрахметұлы өз мақсатына қарай алғашқы қадамын 2009 жылы ішкі істер органдарына қызметке орналасу арқылы бастады. Еңбек жолын Екібастұз қалалық ІІБ конвойлық взводында сержант лауазымынан бастады.

Табандылықтың, қатаң тәртіптің және таңдаған ісіне адалдықтың арқасында 2012 жылы алғашқы офицерлік атағын алып, Павлодар қалалық ІІБ учаскелік полиция инспекторы қызметіне тағайындалды.

– Қызметтік сатылардың әрқайсысы – ең алдымен мол тәжірибе мен жүйенің жұмысын ішінен танып-білу мүмкіндігі. Офицерлік шен – жай ғана погон емес, ол азаматтар мен мемлекет алдындағы үлкен жауапкершілік, – дейді Марат Ғалиев.

Бүгінде Марат Ғалиев көп жылғы мінсіз қызметінің нәтижесінде №44 мекемесі бастығының орынбасары лауазымын атқарады. Оның артында адал еңбек, әріптестерінің құрметі және басшылықтың жоғары сенімі тұр.

Қызметтің ерекшелігі мен тығыз жұмыс кестесіне қарамастан, Марат Нұрахметұлы өзінің ең үлкен жетістігі ретінде берекелі отбасын атайды. Жұбайымен бірге екі бала тәрбиелеп отыр. Әке олар үшін еңбекқорлықтың, адалдықтың және антқа беріктіктің жарқын үлгісі болып табылады.

Марат Ғалиевтің өмір жолы – үлкен мақсаттарға жүйелі еңбек арқылы қол жеткізуге болатынының айқын дәлелі. Балалық шақтағы құқықтық тәртіпті қорғау туралы арманы саналы өмірлік таңдауға айналып, ол сол жолда абыроймен қызмет етіп келеді. Ал мектептегі сарғайған шығарма парағы отбасы үшін кез келген үлкен мақсаттың бастауы кішкентай болса да шынайы арман екенін еске салатын ерекше белгіге айналды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру