Алматыдағы балалар колониясында 30 тәрбиеленуші аттестат алды
Алматы қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №11 кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемесінде ашық есік күні өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара аясында №32 мектептің 30 тәрбиеленушісіне орта білім туралы аттестаттар салтанатты жағдайда табысталды. Бұл олардың білім алу жолындағы маңызды белесі болып, болашаққа деген сенімдерін нығайтқан ерекше күнге айналды.
Мерекелік шараға жасөспірімдердің ата-аналары мен жақын туыстары арнайы шақырылып, мекеменің тыныс-тіршілігімен танысу мүмкіндігіне ие болды. Қонақтарға тәрбиеленушілердің тұрмыс жағдайлары, оқу-тәрбие үдерісі, спортпен шұғылдану мүмкіндіктері және бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруға бағытталған жұмыстар көрсетілді.
Мекеме әкімшілігінің айтуынша, мұндай кездесулер жасөспірімдердің отбасы мүшелерімен қарым-қатынасын нығайтып, олардың қоғамға қайта бейімделуіне оң ықпал етеді. Сонымен қатар ата-аналар мекеме қызметкерлерімен ашық пікір алмасып, өздерін толғандырған сауалдарға жан-жақты жауап алды.
Шара соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, мұндай кездесулердің тәрбиелік әрі әлеуметтік маңызы зор екенін атап өтті.
