Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызмет пен спортты ұштастырған криминалист

Астана қаласы полиция департаментінің криминалисті Бахтияр Сматов құқық қорғау саласындағы қызметін спортпен қатар алып жүр. Ол қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы еңбегімен қатар, "Astana Police" хоккей командасының құрамында жемісті өнер көрсетіп келеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бахтияр Сматов 1989 жылы Ақмола облысы Ерейментау ауданының Ерейментау қаласында дүниеге келген. Қазіргі уақытта Астана қаласы полиция департаменті жедел-криминалистикалық басқармасында криминалист қызметін атқарады.

Ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2007 жылы бастаған. 2017 жылдан бері криминалистикалық бағытта қызмет етіп келеді. Қызмет барысында өз бетінше криминалистикалық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретін төрт рұқсатқа ие болған. Көпжылдық тәжірибесі мен кәсіби біліктілігінің арқасында құқық қорғау саласында нәтижелі еңбек етіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлесін қосып келеді.

Бахтияр Сматов – отбасылы, үш баланың әкесі. Бос уақытында салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен тұрақты айналысады. Оның негізгі қызығушылығы – хоккей. 2023 жылдан бері "Astana Police" хоккей командасының құрамында қорғаушы ретінде алаңға шығып жүр. Команда 2024 жылғы 14 қаңтарда құрылған.

Өскемен қаласында өткен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің кубогы үшін шайбалы хоккейден алғашқы республикалық турнирде "Astana Police" командасы жүлделі үшінші орынды иеленді. Турнирге еліміздің әр өңірінен келген 12 команда қатысты. Сондай-ақ аталмыш команда Астана әуесқой хоккей лигасының Асқар Забукулин атындағы кубогында бірінші орынға ие болды.

Бахтияр Сматов кәсіби қызмет пен спортты қатар алып жүрген маман. Ол құқық қорғау органдарындағы қызметімен қатар, хоккейдегі жетістіктері арқылы да әріптестері арасында құрметке ие.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру