Түнгі тыныштықты бұзбаңыз: полиция азаматтарға ескерту жасады
Елордада полиция мерекелік іс-шаралар кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттігін еске салды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Соңғы уақытта азаматтардың туған күн, отбасылық мереке және басқа да маңызды күндерді атап өту барысында шулы әрі ауқымды шаралар ұйымдастыруы жиілеген. Мұндай жағдайлар көбіне қоғамдық тәртіптің бұзылуына және тұрғындарға қолайсыздық туғызуға себеп болады.
Тұрғын үй алаптары мен қоғамдық орындарда, әсіресе түнгі уақытта, отшашу мен түрлі пиротехникалық құралдарды қолдану азаматтардың тыныштығын бұзып қана қоймай, қауіпсіздікке де қатер төндіруі мүмкін.
Сонымен қатар мерекелік іс-шаралар кезінде қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу, тыныштық режимін бұзу және аулалар мен көшелерді қоқыс пен пиротехника қалдықтарымен ластау деректері де кездеседі.
Құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Осыған байланысты полиция тұрғындар мен қала қонақтарын мерекелік шараларды жауапкершілікпен өткізуге, айналадағы адамдардың тыныштығын құрметтеуге және қаланың тазалығын сақтауға шақырады.
