Ақтөбеде Полиция күні қарсаңында жастарға арналған танымдық экскурсия өтті
Қазақстан полициясы күні қарсаңында Ақтөбе облысы полиция департаментінде жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған ашық есік күні ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның мақсаты – жастарды ішкі істер органдарының қызметімен таныстыру, құқықтық мәдениетті арттыру және полиция мамандығын насихаттау.
Кездесу барысында студенттер полиция департаментінің мұражайын аралап, өңірдегі ішкі істер органдарының қалыптасу және даму тарихымен танысты. Сонымен қатар қызметтік міндетін адал атқарған ардагерлер мен үздік қызметкерлер туралы мәлімет алып, қазақстандық полицияның даму кезеңдері жөнінде ақпарат алды.
Студенттер үшін ерекше қызығушылық тудырған бөлімдердің бірі – жедел басқару орталығы болды. Экскурсия барысында оларға бейнебақылау жүйелерінің жұмысы, полиция жасақтарының қызметін үйлестіру тәртібі және азаматтардың өтініштері мен хабарламаларына жедел әрекет ету тетіктері таныстырылды. Сондай-ақ заманауи технологиялардың қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі маңызы түсіндірілді.
Кездесу барысында жастар полиция қызметкерлеріне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ҚР ІІМ ведомстволық оқу орындарына түсу тәртібі мен полиция қызметінің артықшылықтары туралы толық ақпарат алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттырып, заңға құрмет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді.
Іс-шара соңында студенттер полиция қызметкерлеріне мазмұнды экскурсия үшін алғыс білдіріп, заманауи полиция қызметінің ерекшеліктерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алғандарын атап өтті.
