Жамбыл облысында жүзден астам тұрғын құқықтық көмек алды
Жамбыл облысында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған "Заң мен тәртіп" профилактикалық керуенінің жұмысы жалғасуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мобильді топ құрамына әкімшілік полиция, көші-қон қызметі, қоғамдық қауіпсіздік, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және киберполиция қызметкерлері, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдері енді.

Керуен аясында мамандар көшпелі қабылдаулар өткізіп, қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіріп, азаматтарға түрлі мәселелер бойынша құқықтық кеңестер мен қажетті көмек көрсетуде.
Жобаның негізгі мақсаты – құқықтық қолдауды өңірдің әрбір тұрғыны үшін қолжетімді ету, өзекті мәселелерді дер кезінде анықтап, оларды шешу жолдарын ұсыну. Сонымен қатар құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Керуеннің бір күндік жұмысы барысында облыс орталығының жүзден астам тұрғыны құқықтық мәселелер бойынша кеңес алды. Азаматтар қоғамдық қауіпсіздік, жол қозғалысын ұйымдастыру, көші-қон заңнамасы, отбасылық-тұрмыстық қатынастар және өзге де өзекті мәселелер жөнінде мамандарға жүгінді.
Мұндай өзара іс-қимыл форматы халық пен мемлекеттік органдар арасында ашық әрі тиімді диалог орнатуға мүмкіндік береді. Мамандар тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп қана қоймай, кері байланыс орнатып, соның негізінде қоғамды толғандыратын өзекті мәселелерді айқындап, профилактикалық жұмыстарды жетілдіруге мүмкіндік алады.

Профилактикалық керуен алдағы уақытта да облыстың елді мекендерінде өз жұмысын жалғастырады. Бұл тұрғындарға уақыт жоғалтпай кәсіби құқықтық көмек алуға және өздерін алаңдатқан мәселелердің шешу жолдарын табуға мүмкіндік береді.
Осындай бастамалар өңірде құқықтық тәртіпті нығайтуға, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға және қауіпсіз қоғамдық орта қалыптастыруға ықпал етеді.
