Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Квадроциклдегі патруль: СҚО-дағы жаңа тәжірибе

Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында жазғы туристік маусымның басталуына байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Имантау мен Шалқар көлдерінің жағалауында туристік полиция қызметкерлері квадроциклдермен патруль жүргізіп, демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында жазғы туристік маусым қыза түсті. Осыған байланысты Имантау мен Шалқар көлдерінің жағалауында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары күшейтілді. Қазіргі таңда демалушылардың тыныштығы мен қауіпсіздігін туристік полицияның екі қызметкері қадағалап жүр.

Жаз мезгілінде өңірдегі көрікті демалыс орындарына еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден көптеген турист келеді. Осыған орай тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймай, шетелдік қонақтарға қажетті көмек көрсету мақсатында ағылшын тілін де меңгеріп жүр.

Курорттық аймақтың аумағын жедел әрі тиімді бақылау үшін полицейлер квадроциклдерді пайдаланады. Бұл көлік түрі жағалау бойымен жылдам қозғалып, түрлі жағдайларға дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді. Патрульдеу барысында қызметкерлер демалушыларға судағы қауіпсіздік талаптарын түсіндіріп, балаларды қараусыз қалдырмауға, спирттік ішімдіктерді тұтынбауға және табиғатты аялауға шақырады.

Сонымен қатар жол қозғалысы қауіпсіздігі де ерекше бақылауда. Полицейлер жүргізушілерге жолда мұқият болудың маңызын ескертіп келеді. Курорттық маусым басталғалы демалыс аймағында мас күйінде мотоцикл басқарған бір жүргізуші, көлік тізгінінде ұялы телефон пайдаланған екі жүргізуші және қауіпсіздік белдігін тақпаған үш жүргізуші анықталды.

Демалушылардың айтуынша, туристік полиция қызметкерлерінің тұрақты патрульдеуі қауіпсіздік деңгейін арттырып, тынығушыларға қосымша сенім сыйлайды.

Айта кетейік, мұндай тәжірибе Петропавл қаласында да сәтті қолданылып келеді. Патрульдік полицейлер квадроциклдерді Пёстрое көліндегі қалалық жағажай мен орталық саябақ аумағын бақылау кезінде пайдаланады. Алдағы уақытта саяжай алқаптарын қамтитын жаңа патрульдік бағыттарды іске қосу жоспарлануда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру