Абай облысында полицейлер жастарға арналған профилактикалық кездесу ұйымдастырды
Абай облысы полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері “Достық” жазғы лагерінде жасөспірімдермен нашақорлықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық кездесу өткізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара “Нашақорлыққа жол жоқ” ұранымен ұйымдастырылып, балаларға зиянды әдеттердің салдарын түсіндіруге арналған мазмұнды әрі белсенді форматта өтті.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері нашақорлықтың адам денсаулығына, өмір сапасына және болашағына тигізетін кері әсері туралы түсіндіріп, нақты өмірлік мысалдар келтірді. Ашық диалог форматында өткен шарада жасөспірімдер өз ойларын еркін білдіріп, сұрақтарына толыққанды жауап алды.
Мамандардың айтуынша, мұндай профилактикалық кездесулер жас ұрпақтың құқықтық және әлеуметтік сауаттылығын арттырып қана қоймай, полиция мен жастар арасындағы сенімді байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Шара соңында қатысушылар салауатты өмір салтын ұстанудың маңызын ерекше атап өтті.
Басты мақсат – жастар арасында зиянды әдеттердің алдын алу және белсенді, қауіпсіз өмір салтын насихаттау.
