Жамбыл облысында сотталғандарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді
Жамбыл облысындағы ҚАЖД-ға қарасты №59 мекемеде сотталғандарға ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №59 мекемеде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Бас мүфти кеңесшісі, Республикалық ақпараттық-насихат тобының (РАНТ) мүшесі Смайыл Сейтбековтің қатысуымен ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Іс-шара барысында 100-ге жуық сотталған азаматпен топтық кездесу ұйымдастырылып, "Жат ағымдардың шығу тарихы және олардың қазіргі қоғамдағы көрінісі" тақырыбында кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кездесуде жат ағымдардың пайда болу себептері, олардың қоғамға тигізетін кері әсері, сондай-ақ діни алауыздықты насихаттайтын теріс көзқарастары туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Сонымен қатар қатысушыларға зайырлылық қағидаттарының маңызы түсіндіріліп, дәстүрлі ислам құндылықтарын сақтау және ханафи мәзһабы жолын ұстанудың мәні жөнінде айтылды.
Кездесу соңында Смайыл Сейтбеков мекеме кітапханасының қорына өзінің авторлық кітаптарын сыйға тартты.
Іс-шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Бас мүфти кеңесшісі Смайыл Сейтбеков, Жамбыл облысының Бас имамы Асқар Сатылғанов, Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің қызметкерлері, №59 мекемесінің бастығы Руслан Уразметов, Жамбыл облыстық прокуратурасының 5-басқарма прокуроры Асыл Пешеков, "AQNIET" ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы қоғамдық қорының өкілі Мұстафа Сейтқази, сондай-ақ Жамбыл облысы бойынша ҰҚҚД 3-басқармасының қызметкері Асанәлі Әуесбек қатысты.
