Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

11 жыл бұрын ажал аузындағы сәбиді аман алып қалған полицейдің ерлігі

Кейде бір ғана шешім адам тағдырын түбегейлі өзгертіп жатады. Атырау облысында осыдан 11 жыл бұрын полиция қызметкері Амангелді Мұқашев дәретхана шұңқырынан табылған жаңа туған нәрестені ажалдан арашалап қалды. Бүгінде ел есінде сақталған бұл оқиға адам өмірін бәрінен биік қоятын тәртіп сақшысының ерлігі ретінде бағаланады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция қызметкерлері – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда алдыңғы шепте жүретін жандар. Қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының қара сөздеріндегі "Адам бол" қағидасы ғасырлар өтсе де өз маңызын жойған жоқ. Бүгінде қиын сәтте өзгенің өмірі үшін тәуекелге бел буып, көмек қолын созуға дайын адамдар сирек кездеседі. Алайда олардың батыл әрекеті мен жедел шешімдерінің арқасында талай жан ажал аузынан аман қалғаны анық. Осындай ерліктің жарқын үлгісін көрсеткен, антына адал тәртіп сақшыларының бірі – полиция майоры Амангелді Мұқашев.

Амангелді Мұқашев ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2013 жылы Атырау қалалық полиция басқармасының тергеу бөлімінде полиция лейтенанты ретінде бастаған. Қазіргі уақытта ол Жылыой аудандық полиция басқармасындағы уақытша ұстау изоляторының бастығы қызметін атқарады.

Қызмет барысында жедел шешім қабылдай білетін, қандай жағдайда да адам өмірін бірінші орынға қоятын тәртіп сақшысының ел есінде қалған игі істері аз емес. Солардың бірі – бірнеше жыл бұрын дәретхана шұңқырынан жаңа туған нәрестені аман алып қалған оқиға. Кейін жұртшылық құтқарушы полицейдің құрметіне сәбиге Амангелді есімін берген екен.

- Қателеспесем, бұл 2015-2016 жылдардың шамасы болуы керек. Сол күні кезекшілікте отырғанмын. Басқару пультіне жергілікті тұрғын үйлердің бірінің ауласындағы дәретханадан жаңа туған сәби табылғаны туралы хабарлама түсті. Бірден оқиға орнына жеттік. Хабар берген жедел жәрдем қызметкері қатты абдырап, "бала өлді" деп айғайлап жатты. Бірақ дәретхана жақтан нәрестенің әлсіз дауысы естілді. Сол сәтте бар ойым – баланы аман алып шығу болды.

Дәретхананы мұқият қарап шығып, оны қауіпсіз жағына қарай құлатып, нәрестеге зақым келтірмей жетудің жолын қарастырдым. Кейін ішіне түсіп, балаға қарай ұмтылдым. Жаңа туған сәби шаранасынан әлі ажырамаған күйде жатыр екен. Оны дереу жоғарыға көтеріп, сыртта тұрған адамдарға тапсырдым.

Баланың періштесі қаққан деуге болады. Өйткені шұңқырдың ішінде өзімнің де тыныс алуым қиындап, ауа жетпей қалған еді. Бұл оқиғаға көп уақыт өтсе де, сол күнгі көріністер әлі күнге дейін көз алдымда. Кейін халықтың ықыласымен балаға Амангелді есімі берілді. Қазір де араласып, хабарласып тұрамыз. Болашақта кішкентай Амангелді елге қорған болатын батыр азамат болып өседі деп сенемін, – дейді нәрестеге екінші өмір сыйлаған полицей.

Бейбіт күнде батылдығы мен қайсарлығын дәлелдеген тәртіп сақшысы бүгінде өнегелі әке. Ол екі қыз бен бір ұл тәрбиелеп отырған отбасының тірегі.

Қазақтың "жаныңда жүр жақсы адам" деген нақыл сөзі осындай азаматтарға қарата айтылғандай. Қоғамның тыныштығы мен адам өмірі үшін тәуекелге баратын жандарды бағалай білу – әрқайсымыздың парызымыз. Сондықтан арамыздағы қаһармандардың еңбегін құрметтеп, олардың ерлігін ұмытпайық.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру