Павлодарда криминалистика шеберлері ұлықталды
Қазақстан полициясы күні қарсаңында Павлодар облысы полиция департаментінің жедел-криминалистикалық басқармасы ішкі істер органдарының ардагерлеріне құрмет көрсетіп, олардың көпжылдық еңбегін ерекше атап өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция департаменті басшылығының атынан салаға өлшеусіз үлес қосқан ардагерлерге алғыс хаттар табысталды. Олардың қатарында криминалистикалық қызметтің дамуына сүбелі үлес қосқан, жас мамандарды тәрбиелеуге атсалысқан отставкадағы полковниктер Қанат Қожахметов пен Нұрлан Өскембаев бар.
Тәжірибелі криминалистер ондаған жыл бойы қызметтік борышына адал болып, кәсіби шеберліктің, табандылық пен жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетті. Бүгінде олардың бай тәжірибесі мен өмірлік ұстанымы ішкі істер органдарындағы жас қызметкерлер үшін құнды мектепке айналып отыр.
Кездесу барысында қазіргі жедел-криминалистер ардагер әріптестеріне қызметтің қалыптасуы мен дамуына қосқан елеулі үлесі үшін алғыс білдіріп, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасы амандығы мен бақ-береке тіледі.
Мұндай тағылымды кездесулер ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, кәсіби дәстүрлердің сақталуына және жас буынның патриоттық рухта тәрбиеленуіне ықпал етеді.
