Астанада "Нұрлы жол" вокзалында Полиция күніне арналған мерекелік концерт өтті
23 маусым – Қазақстан полициясы күні қарсаңында көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Астана қаласындағы "Нұрлы жол" теміржол вокзалында тұрғындар мен қала қонақтарына арналған мерекелік концерт ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жолаушылар мен келушілерге көтеріңкі көңіл күй сыйлау, сондай-ақ полиция қызметіне деген қоғамдық сенімді нығайту болды.

Концерттік бағдарлама барысында көлік полицейлері мен өнерпаздар патриоттық және халық арасында кеңінен танымал әндерді орындап, көрермендерге ерекше мерекелік атмосфера сыйлады. Вокзал жолаушылары мен қала тұрғындары концертті жылы қабылдап, тәртіп сақшыларының шығармашылық қырын жоғары бағалады.
Шара аясында полиция қызметкерлері азаматтарды кәсіби мерекемен құттықтап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі полиция қызметінің маңызына тоқталды. Сондай-ақ көлік инфрақұрылымы нысандарында құқықтық тәртіпті сақтау, заң талаптарын орындау және құқықтық мәдениетті арттыру мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Көліктегі полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, халықпен ашық диалог орнатуға және өзара сенімді қарым-қатынасты дамытуға ерекше мән береді. Осындай мәдени-көпшілік іс-шаралар полиция мен азаматтар арасындағы байланысты нығайтып, өзара құрмет пен түсіністікті арттыруға ықпал етеді.

- Баршамыз Қазақстан полициясының бай тарихын, оның даңқты дәстүрлерін, қызметтік борышын абыроймен атқарған ардагерлердің ерлік жолын мақтан тұтамыз. Олар сабақтастықты сақтап, мол тәжірибесі мен құнды білімін жас буынға табыстап келеді, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Іс-шара соңында полиция қызметкерлері әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, оларға мықты денсаулық, отбасылық амандық, қызметтік табыс және ел тыныштығы үшін қажыр-қайрат тіледі.
Мерекелік концерт қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, полиция қызметінің қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, елдің мәдени және қоғамдық өміріне де белсене араласатынын айқын көрсетті.
