Жетісу тарихындағы батырлықтың жарқын үлгісі
Өмірін елге қызмет ету мен азаматтық парызға арнаған жандардың есімі уақыт өтсе де ұмытылмайды. Сондай асыл азаматтардың бірі – милиция қызметкері Орынбасар Мүкүшев. Оның жарқын бейнесі Жетісу өңірінің тарихында мәңгі сақталып, ерлік пен адалдықтың символына айналды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Орынбасар Мүкүшев көпбалалы отбасында тәрбиеленіп, жастайынан еңбекке құштарлықты, жауапкершілікті және адамға деген құрметті бойына сіңірді. Бұл қасиеттер оның азаматтық болмысын қалыптастырып, өмірлік ұстанымын айқындады. Ол халыққа қызмет етуді мақсат етіп, кез келген жағдайда көмекке келуге дайын болуды талап ететін жауапты мамандықты саналы түрде таңдады.
1973 жылдың 26 шілдесінде Орынбасар Мүкүшев нағыз ерліктің үлгісін көрсетті. Көмек сұраған дабылды ести салысымен ол бейжай қалмай, өз өмірін қатерге тіге отырып, бейбіт тұрғындарды қорғауға ұмтылды. Қауіп-қатерге қарамастан жасаған батыл әрекетінің нәтижесінде ол өзге адамдардың өмірін сақтап қалды.
Ол небәрі 23 жаста еді. Көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Орынбасар Мүкүшев қайтыс болғаннан кейін "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды. Сондай-ақ оның есімі ішкі істер органдарының жеке құрамы тізіміне мәңгілікке енгізілді.
Бүгінде батырдың жарқын бейнесі халық жадында сақталып келеді. Жетісу облысы Сарқан ауданы Лепсі ауылындағы көшелердің біріне оның есімі берілген. Бұл – жай ғана атау емес, бұл – қызметтік антына адал болған азаматқа деген тағзым, уақыт өтсе де құнын жоғалтпайтын ерліктің және ел жадындағы мәңгілік құрметтің белгісі.
