Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында полиция қызметкерлерін еске алуға арналған турнир өтті

23 маусым – Қазақстан полициясы күніне орай Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкерлері қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан әріптестерді еске алуға арналған "Ер есімі – ел есінде" атты шағын футбол турнирін ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде арнайы және кәсіби даярлық басқармасының бастығы Ерлан Шамшат сөз сөйлеп, қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтап, жарысқа сәттілік тіледі.

Дәстүрлі турнирге барлығы 16 команда қатысып, жасыл алаңда тартысты әрі тартымды ойын өрнегін көрсетті. Жарыс барысында командалар жеңіс үшін бақ сынап қана қоймай, өзара ұйымшылдық пен спорттық мәдениеттің жоғары үлгісін танытты.

Турнир аясында "Үздік қақпашы", "Үздік қорғаушы", "Үздік шабуылшы" және өзге де арнайы номинациялар бойынша үздіктер анықталды.

Жарыс қорытындысы бойынша І орынды "Only93" командасы иеленсе, ІІ орынға "Шардара 2-шағынаудан" командасы лайық деп танылды. Ал ІІІ орынды "Abo Coach" командасы еншілесе, IV орын "Мирас" командасына бұйырды.

Айта кету керек, "Ер есімі – ел есінде" атты еске алу турнирі биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл шара Шардара аудандық полиция бөлімі ұжымының игі дәстүріне айналып, жас қызметкерлердің бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруға, ерлік пен адалдық құндылықтарын дәріптеуге бағытталған.

Сонымен қатар турнир қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің жарқын есімдерін ұлықтап, олардың ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында өткізіліп келеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру