Көліктегі ПД-да әке жолын қуған отыздан астам отбасы бар
Көліктегі ПД-да әке жолын қуған отыздан астам отбасы бар, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Көліктегі полиция департаментінде полиция әулеттері аз емес. Оның аумақтық бөліністерінде де бүкіл ғұмырын Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарындағы қызметке арнаған ардагерлердің балалары әке жолын қуып, кәсібін жалғастырып жүрген отыздан астам отбасы бар. Мәселен, Өмірбековтер, Магомедовтер, Федуновтар, Қалдыбаевтар және басқа да әулеттер сөзімізге дәлел.
Дәстүрдің сақталуы жас ұрпақтың бойында осы жауапты әрі күрделі қызметке аса қажет патриоттық және адамгершілік қасиеттердің қалыптасуына ықпал етеді. Әсіресе, әулеттерде қызметке деген құрмет, Отан алдындағы борышқа адалдық және мамандық беделі адам бойына бала кезден сіңіріледі.
Департаментте қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан сақшылардың ұрпақтары да еңбек етуде. Қазақстан полициясы құрылған кезде, яғни 34 жыл бұрын Қызылорда станциясындағы желілік ішкі істер бөлімінің жедел уәкілі Мұратбек Өмірбеков қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан болатын. Арнайы операция барысында ол аса қауіпті екі қылмыскерді құрықтау кезінде ауыр жарақат алып, алған жарақатынан көз жұмды. Қаза болғаннан кейін полиция аға лейтенанты Мұратбек Өмірбеков II дәрежелі “Айбын” орденімен марапатталды. Артында екі ұлы қалды. Бүгінде олардың үлкені Ринат Өмірбеков Қызылорда облысы Шиелі станциясындағы көліктегі полиция бөлімшесінде қызмет атқарады.
Әке тәлімі мен тәжірибесінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуының маңызы зор. Осындай ұрпақтар сабақтастығын сақтап келе жатқан өнегелі полиция әулеттерінің бірі – Магомедовтер отбасы.
Бұл әулеттегі ішкі істер органдары қызметкерлері дәстүрінің негізін өткен ғасырдың 30-жылдарының басында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан Кодо Магомедов қалады. Оның ұлы Харон Магомедов және немерелері Руслан мен Салах ата мен әке жолын жалғастырып, қылмыспен күрес саласына өмірлерін арнады.
Төртінші буын өкілі де бұл дәстүрді сәтті жалғастырды. Салах Хароновичтің ұлы Хасан Магомедов Петропавл станциясындағы Көліктегі полиция бөлімінде 10 жылдан астам қызмет етті. Бүгінде әулеттің төрт буынының ішкі істер органдарындағы жиынтық еңбек өтілі жүз жылдан асып отыр.
Федуновтар отбасындағы егіз ағайындылар да әке салған сара жолды таңдады. Олардың әкесі Алексей Валерьевич полиция мамандығына 25 жыл өмірін арнаған азамат. Владимир мен Никита Федуновтар ішкі істер саласының қиындығы мен жауапкершілігін, кездесетін сынақтары мен қауіп-қатерлерін бала кезден жақсы білді. Мазасыз мамандықтың маңызын да жете ұғынды. Қазіргі уақытта олар Орал станциясындағы көліктегі полиция бөлімінде еңбек етіп жүр. Екеуі де полиция майоры. Әрқайсысының айтулы саладағы еңбек өтілдері 20 жылдан асады.
Ішкі істер органдарындағы қызмет кейде әйел-анадан да бастау алып жататын шақтар жиі кездеседі. Мұндай отбасылардағы балалардың бойына өз кәсібін сүю және адамгершілік, жан-жағын құрметтеу сынды құндылықтар ана сүтімен даритындай. Бұл – Қалдыбаевтар отбасына әбден тән.
Отставкадағы полиция подполковнигі Гүлсім Нағымедқызы қатардағы сержанттан бастап көліктегі ПД бөлімшесі басшысының орынбасары лауазымына дейінгі қызмет жолынан өткен білікті маман. Көп жылдар табанды еңбек етіп, зор абырой жинаған ол 2016 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Ерлермен иықтаса еңбек ете жүріп, екі баланы тәрбиелеп өсірді. Бүгінде, ұлы Ержан – полиция подполковнигі, Маңғыстау станциясындағы Көліктегі полиция бөлімі бастығының орынбасары, үш баланың әкесі. Ал қызы Гауһар болса – Астана станциясындағы Көліктегі полиция басқармасы штабының аға инспекторы. Оның жолдасы Рахат Кинеев та полиция қызметкері, тату-тәтті жас отбасы қазір екі бала тәрбиелеп отыр.
— Заңға деген құрмет ең алдымен отбасында қалыптасуы тиіс. Ал полицияда адал, тәртіпті әрі жоғары білікті мамандар қызмет етуі шарт, – дейді полиция әулеттерінің өкілдері.
Шынында да, олар еңбекқорлығы, сенімділігі және таңдаған мамандығына деген адалдығы үшін әріптестері мен қоғам арасында зор құрметке ие.
