Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде өңір басшысы полиция қызметкерлерін Қазақстан полициясы күнімен құттықтады

Ақтөбе қаласындағы "Өнер орталығы" концерт залында Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты жиын өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Мерекелік шараға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, полиция департаментінің басшылығы, ішкі істер органдарының ардагерлері, полиция қызметкерлері және қоғам өкілдері қатысты.

Салтанатты жиынды ашқан өңір басшысы құқық қорғау саласы қызметкерлері мен ардагерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, қоғамдық тәртіпті сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы адал еңбектері үшін ризашылығын білдірді.

– Полиция қызметі – қоғамдағы заңдылық пен құқықтық тәртіптің берік тірегі. Сіздердің кәсібиліктеріңіз, батылдықтарыңыз және Отан алдындағы адал қызметтеріңіздің арқасында тұрғындар өздерін қауіпсіз сезінеді. Сондай-ақ құқық қорғау жүйесінің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардагерлерге ерекше алғысымды білдіремін. Олардың өмірлік және қызметтік тәжірибесі жас буын үшін әрдайым өнеге болып қала береді, – деді Асхат Шахаров.

Іс-шара барысында қызметтік міндеттерін үлгілі атқарып, жоғары нәтижелерге қол жеткізген бірқатар қызметкерлер ведомстволық наградалармен, Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасты. Облыстың шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Салтанатты шараның шырайын Ақтөбе облысы полиция департаменті хорының орындауындағы Ақтөбе полициясының әнұраны аша түсті. Сонымен қатар полиция қызметі, отансүйгіштік пен елге адал қызмет ету тақырыбын арқау еткен вокалдық және хореографиялық қойылымдар ұсынылды.

Салтанатты жиын соңында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жолында аянбай еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлеріне ізгі тілектер айтылып, олардың қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлі ерекше атап өтілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру