Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада Ұлттық ұлан сарбаздары ҚАЖД-дағы қызметін бастады

Қызылорда қаласындағы Мадина Ералиева атындағы мәдениет үйінде Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қатарына Ұлттық ұланның 5547 әскери бөлімінен қабылданған қызметкерлерді қарсы алуға арналған салтанатты іс-шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараға Ұлттық ұланның 5547 әскери бөлімінің басшылығы мен ардагерлері, Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының міндетін атқарушы Жәнібек Зиябеков, сондай-ақ ҚАЖ ардагерлері қатысты.

Салтанатты жиын барысында әскери бөлімнен қылмыстық-атқару жүйесі қызметіне қабылданып, тиісті лауазымдарға тағайындалған қызметкерлерге құрмет көрсетілді. Сонымен қатар әскери бөлім басшылығы олардың қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы адал еңбегі мен қызметтік міндеттерін жауапкершілікпен атқарғанын атап өтіп, бірқатар азаматты марапаттады.

Жиында сөз сөйлеген Жәнібек Зиябеков жаңа әріптестерге ізгі тілегін білдіріп, олардың кәсіби тәжірибесіне жоғары баға берді.

– Бүгін біз Ұлттық ұлан қатарында абыроймен қызмет атқарып, енді қылмыстық-атқару жүйесі қызметінің сапына қосылған әріптестерімізді қарсы алып отырмыз. Әскери тәртіп пен жауапкершілікке негізделген мол тәжірибелеріңіз, Отан алдындағы адал қызметтеріңіз жаңа салада да өз жалғасын табатынына сенімдімін. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық және ел игілігі жолындағы жауапты қызметтеріңізге толағай табыс тілеймін, – деді ол.

Іс-шара соңында қатысушылар жаңа қызметке қабылданған әріптестерге ақжарма тілектерін арнап, олардың қылмыстық-атқару жүйесінің дамуына елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру