Абай облысында жаңа учаскелік полиция пункті ашылды
Абай облысының Бесқарағай ауданында "Заң мен Тәртіп" қағидатын іске асыру және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы жұмыстар аясында заманауи талаптарға сай жабдықталған №10 учаскелік полиция пункті пайдалануға берілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Салтанатты ашылу рәсімі Бесқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиқанұлының бастамасымен ұйымдастырылды. Іс-шараға аудан әкімдігі өкілдері, ішкі істер органдарының ардагерлері, полиция қызметкерлері және ауыл тұрғындары қатысты. Жиын барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті нығайту және полиция мен халық арасындағы өзара сенімді арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Жаңа учаскелік полиция пункті ауыл тұрғындарына қолжетімді жерде орналасқан және заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Бұл нысан учаскелік полиция инспекторларының қызметін тиімді ұйымдастыруға, тұрғындармен тікелей байланыс орнатуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті сақтауға мүмкіндік береді.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген аудан әкімі Ділдар Қалиқанұлы жаңа нысанның маңыздылығына тоқталды.
– Бүгін пайдалануға беріліп отырған учаскелік полиция пункті – тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. "Заң мен Тәртіп" қағидатын жүзеге асыру – баршамызға ортақ міндет. Ауыл тұрғындарының өзін қауіпсіз сезінуі үшін барлық қажетті жағдайды жасауға әрдайым дайынбыз. Бұл – жай ғана инфрақұрылымдық жоба емес, қоғам мен полиция арасындағы сенімді нығайтатын нақты бастама, – деді аудан әкімі.
Өз кезегінде Бесқарағай аудандық полиция бөлімінің бастығы Ербол Дайрбеков жаңа нысанның қызметтік маңызына тоқталып өтті.
– Учаскелік полиция – халықпен тікелей жұмыс істейтін құқық қорғау жүйесінің негізгі буыны. Жаңа пункт қызметкерлерге жедел әрекет етуге, азаматтармен тығыз байланыс орнатуға және құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын тиімді жүргізуге кең мүмкіндік береді. Бұл – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды құрал. Алдағы уақытта да тұрғындармен ашық әрі жүйелі жұмыс жүргізіп, өзара сенімге негізделген серіктестікті нығайта береміз, – деді полиция бөлімінің бастығы.
Жаңа нысанда учаскелік полиция инспекторлары мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар қызмет атқарады. Олар құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және тұрғындардың өтініштері мен шағымдарына жедел ден қою бағытында жұмыс жүргізетін болады.
Іс-шара барысында қатысушылар жаңа полиция пунктінің материалдық-техникалық базасымен танысып, оның мүмкіндіктеріне жоғары баға берді. Ардагерлер мен ауыл тұрғындары мұндай бастамалардың өңірдегі қоғамдық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға оң әсер ететінін атап өтті.
Қазіргі уақытта Бесқарағай ауданында барлығы 10 учаскелік полиция пункті жұмыс істейді. Жаңа нысан құқық қорғау қызметінің қолжетімділігін арттырып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосымша мүмкіндік береді.
Жаңа учаскелік полиция пунктінің ашылуы – аудан аумағында қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге, құқықтық тәртіпті нығайтуға және халықпен ашық диалог орнатуға бағытталған маңызды қадам.
