Маңғыстау облысында есірткіге қарсы ауқымды акция өтті
Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай Маңғыстау облысында ауқымды акция өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай Маңғыстау облысы полиция департаменті ауқымды антинаркотикалық акция ұйымдастырды. Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, есірткінің зияны туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту.
Акция аясында танымал қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылып, оған өңір тұрғындары мен жастары көптеп қатысты. Өнер иелері өз шығармашылығы арқылы қоғамды есірткіден аулақ болуға, жарқын болашақ пен салауатты өмір салтын таңдауға үндеді.
Іс-шара барысында “Есірткісіз өмір” комиссиясының мүшелеріне қоғамдағы есірткіге қарсы профилактикалық жұмыстарға қосқан елеулі үлесі мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғановтың атынан Алғыс хаттар табысталды.
Мұндай шаралар мемлекеттік органдар, қоғам және жастар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтып, есірткісіз қоғам қалыптастыруға бағытталған жұмыстардың маңыздылығын арттыра түседі.
