Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары таныстырылды

Қарағанды облысының Абай ауданында "Отбасын қолдау орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ашық есік күні өтіп, оған мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және аудан тұрғындары қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараның мақсаты – тұрғындарды "бір терезе" қағидаты бойынша көрсетілетін әлеуметтік, психологиялық және құқықтық қолдау қызметтерімен таныстырып, азаматтарға қолжетімді көмек тетіктерін кеңінен насихаттау.

Жиын барысында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Ирина Абдрахманова мен орталық директоры Маргарита Хабибрахманова сөз сөйлеп, азаматтарды қорғау ісіндегі мемлекеттік органдардың өзара тиімді ынтымақтастығының маңызын атап өтті.

Кездесу кезінде көпшілікке аудан тұрғыны Адинаның өмірлік оқиғасы таныстырылды. Ол бірнеше жыл бойы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған. Жұбайының ішімдікке салынуы, жиі жанжал шығарып, қол көтеруі оның және балаларының өміріне қауіп төндірген. Балаларының болашағына алаңдаған әйел ұзақ уақыт бойы бұл қиындықтан шығуға батылы жетпеген.

– Мен бәріне балаларым үшін төзуім керек деп ойладым. Бірақ уақыт өте келе менің көрген қорлығым балаларымның да тағдырына кері әсер ететінін түсіндім, – дейді Адина.

Отбасын қолдау орталығына жүгінгеннен кейін Абай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мен Орталық мамандары бірлесіп жедел жұмыс жүргізді. Әйелге психологиялық және құқықтық көмек көрсетіліп, құқықтары жан-жақты түсіндірілді. Сондай-ақ оған қатысты қажетті қорғау шаралары қабылданып, дағдарыс жағдайынан толық шыққанға дейін үздіксіз қолдау көрсетілді.

– Ұзақ уақыттан кейін алғаш рет өзімді қауіпсіз сезіндім. Маған өзіме деген сенімді қайта тауып, жаңа өмір бастауға көмектесті. Бүгінде балаларым қорқынышсыз өсіп келеді, – дейді ол.

Ашық есік күні аясында тұрғындар полиция, төтенше жағдайлар қызметі, денсаулық сақтау ұйымдары, мансап орталығы, "Тең қоғам" және басқа да мекемелердің мамандарынан кеңес алды. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылық пен сталкингтің алдын алу, мемлекеттік қолдау шаралары, жеке қауіпсіздік және алғашқы медициналық көмек көрсету дағдылары бойынша жан-жақты ақпарат берілді.

– Ең бастысы – ешкім өз мәселесімен жалғыз қалмауы тиіс. Полицияның, Отбасын қолдау орталығының және басқа да мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысының арқасында көмекке мұқтаж азаматтарды дер кезінде қорғап, қажетті қолдау көрсете аламыз, – деді орталық директоры Маргарита Хабибрахманова.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру