ШҚО полиция департаменті балалардың жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздігін бақылауға алды
ШҚО полиция департаменті балалардың жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздікті бақылауға алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жазғы демалыс кезеңінде кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің басты басымдықтарының бірі. Осыған байланысты полиция қызметкерлері өңірдегі балаларды сауықтыру лагерьлерінде профилактикалық жұмыстарды күшейтті.
Қазіргі уақытта облыс аумағында 11 балалар сауықтыру лагері жұмыс істейді. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 33 полиция қызметкері мен аумақтық полиция бөлімшелерінің 11 басшысы жауапты болып бекітілген. Тәртіп сақшылары жазғы маусым бойы лагерьлерде тұрақты профилактикалық іс-шаралар өткізіп, қоғамдық тәртіптің сақталуын бақылауда ұстайды.
Лагерьлерге барған полиция қызметкерлері балаларға жеке қауіпсіздік ережелері, қоғамдық орындардағы мінез-құлық мәдениеті және құқық бұзушылықтың алдын алу жолдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Мұндай кездесулердің негізгі мақсаты – балаларға қауіпсіздік талаптарын қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізіп, төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету дағдыларын қалыптастыру. Сонымен қатар лагерь әкімшілігімен, тәрбиешілермен және тәлімгерлермен жұмыс кездесулері өткізіліп, демалыс орындарындағы қауіпсіздік шараларын жетілдіру мәселелері талқыланады.
Бұдан бөлек, лагерьлердегі бейнебақылау жүйелерінің техникалық жай-күйі, өткізу режимінің сақталуы және қауіпсіздік талаптарының орындалуы тексерілуде.
Полиция балалардың қауіпсіздігі – әрбір ересек адамның ортақ жауапкершілігі екенін еске салады. "Заң және Тәртіп" қағидаты аясындағы профилактикалық іс-шаралар жазғы демалыс маусымы аяқталғанға дейін жалғасады.
