Қазақстан полицейі халықаралық кәсіби сайыста қола медаль жеңіп алды
Қазақстан полицейі Ресейде өткен халықаралық кәсіби шеберлік байқауында қола жүлдеге ие болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкері Медет Дәулетханұлы Орел қаласында аяқталған ТМД елдерінің жол полициясы қызметкерлері арасындағы халықаралық кәсіби шеберлік байқауында жүлделі үштіктен көрінді.
Халықаралық дода 89 мемлекеттік автоинспекция қызметкерін жинады. Жарысқа Ресей Федерациясының барлық өңірінің, Ресей ІІМ арнайы мақсаттағы орталығының өкілдері, сондай-ақ Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.

Еліміздің намысын қорғаған ШҚО ПД патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Медет Дәулетханұлы төрт күндік тартыста жоғары дайындық пен кәсіби шеберлік танытып, үздіктер қатарынан көрініп, құрметті III орынды иеленді.
Байқау барысында қатысушылар жол қозғалысы ережелерін білу, жол-көлік оқиғаларында зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету, жол қозғалысын қолмен реттеу шеберлігі, патрульдік автокөлікпен жылдам маневр жасау бойынша сыннан өтіп, кәсіби дайындықтарын паш етті. Сонымен қатар сайыскерлердің атыс, дене шынықтыру және құқықтық дайындықтары да бағаланды.

Бұл жетістік Медет Дәулетханұлының жоғары кәсіби деңгейінің кезекті дәлелі болды. Бұған дейін ол Шығыс Қазақстандағы ең үздік патрульдік полиция қызметкері деп танылса, енді өз құзыреттілігін халықаралық аренада да сенімді түрде растап отыр.
Қола медаль — бұл капитанның жеке жеңісі ғана емес, сонымен бірге құқық қорғаушыларымызды даярлаудың тиімділігін көрсететін, бүкіл ШҚО полиция департаменті үшін мақтаныш тұтарлық жетістік.
