Түркістанда "TurKidsTan" жобасына қатысушы балаларға танымдық экскурсия ұйымдастырылды
Түркістан облысына Батыс Қазақстан облысынан "Жайық Жұлдызы" қоғамдық қоры мен ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі қолдауымен жүзеге асырылып жатқан "TurKidsTan" балалар лагерінің демалушылары барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әлеуметтік жобаға Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров қолдау көрсетіп, полиция қызметкерлері балалардың сапары бойы қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Жоба аясында балалар Түркістан облысы полиция департаментінде болып, облыстың бас полицейі Арыстанғани Заппаровпен кездесті. Қонақтар жедел басқару орталығының жұмысымен, заманауи бейнебақылау жүйелерімен танысып, полиция қызметі туралы мағлұмат алды. Экскурсия соңында балаларға естелік сыйлықтар, балмұздақ пен сусындар тарту етілді.
Кездесу барысында Түркістан облысы полиция департаменті мен "TurKidsTan" жобасының серіктестері өзара алғыс білдірді. Департамент атынан жоба жетекшісі Талғат Чудобаев пен ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің басшысы, елші Алексей Роговқа алғыс хаттар табысталса, жоба ұйымдастырушылары полиция қызметкерлерінің кәсіби қолдауын жоғары бағалап, департамент өкілдерін марапаттады.

Бағдарлама аясында балалар Түркістан қаласының тарихи-мәдени орындарын, "ALTYN SAMURYQ" медиакешені мен "Керуен сарай" туристік кешенін аралады. Бұл іс-шаралардың қауіпсіз өтуіне де полиция қызметкерлері қолдау көрсетті.
Түркістан облысы полиция департаменті балалардың қауіпсіздігі мен жан-жақты дамуына бағытталған әлеуметтік жобаларды алдағы уақытта да қолдауды жалғастырады.

