Астанада кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында рейдтік іс-шаралар өткізілді
Астанада кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында рейдтік іс-шаралар өткізілді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз жүру фактілерін анықтау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында жергілікті рейдтік іс-шаралар өткізілді.
Іс-шара барысында барлығы бір күн ішінде 100-ден астам кәмелетке толмаған жасөспірім анықталып, 32 жасөспірім полиция басқармаларына жеткізілді. Заң талаптарын сақтамаған кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қабылданды.
Рейд барысында қоғамдық тәртіпті бұзу дерегі де тіркелді. Сағат 04:00 шамасында “102” арнасына Айманов көшесіндегі тұрғын үй ауласында ересек азамат пен жастар арасында жанжал туындағаны туралы хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері жүргізген тексеру барысында жанжал салдарынан 17 жастағы екі жасөспірімнің зардап шеккені анықталды. Аталған факті бойынша олардың заңды өкілдері Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Тексеру барысында жанжалға қатысушылардың бірі 45 жастағы қала тұрғыны екені анықталды. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, ол жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болған.
Полиция ата-аналар мен заңды өкілдерді балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға, олардың түнгі уақытта қайда жүргенін бақылауға және заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі – ең алдымен ересектердің жауапкершілігі.
