Атырауда полиция тұрғындарға бет-әлпетті жабуға қатысты заң талаптарын еске салды
Атырауда бет-әлпетті толық жабуға қатысты заң талаптарын бұзған 150 азамат жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысында қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары тұрғындар арасында қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін толықтай жабатын киімдерді киюге қатысты заң талаптарын түсіндіру мақсатында профилактикалық рейдтік іс-шаралар өткізді.
Рейд барысында полиция қызметкерлері азаматтарға қолданыстағы заңнама талаптарын жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ аталған нормалардың негізгі мақсаты азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, оның ішінде діни сенім бостандығын шектеу емес екені ерекше атап өтілді.
Полицейлердің айтуынша, бұл талаптар ең алдымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, қоғамдық орындарда азаматтардың жеке басын анықтауды жеңілдетуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған. Сонымен қатар заң талаптарын сақтау құқық бұзушылықтардың алдын алып, қоғамдағы қауіпсіздікті нығайтуға ықпал ететіні түсіндірілді.

Жыл басынан бері осы заң талаптарын бұзғаны үшін 150 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Полиция тұрғындарды заң талаптарын сақтауға, қоғамдық тәртіпті құрметтеуге және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бірлесіп үлес қосуға шақырады.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы 12 шілдеден бастап Қазақстанда қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін толықтай жабатын киімдерді киюге тыйым салатын заңнамалық өзгерістер күшіне енді.
