Петропавлда медициналық спирттің заңсыз тұтынылуының алдын алу мәселесі талқыланды
Петропавлда алкогольге байланысты құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері дәріхана өкілдерімен кездесу өткізді. Басқосуда медициналық спирттің мақсатсыз пайдаланылуының қоғамға төндіретін қауіптері талқыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәжірибе көрсеткендей, алкогольге тәуелді азаматтар арақтың орнына дәріханалардан сатып алынатын медициналық спиртті ішімдік ретінде пайдаланады. Мұндай жағдайлар көбіне ауыр қылмыстар мен қайғылы оқиғаларға себеп болады.
Мәселен, биыл мамыр айында Петропавлдағы қараусыз қалған үйлердің бірінде екі 52 жастағы ер адам дәріханадан сатып алынған сұйылтылған медициналық спиртті ішкен. Ішімдік үстінде туындаған жанжал төбелеске ұласып, салдарынан олардың бірі ауыр дене жарақатын алған. Ал наурыз айында Жуков көшесіндегі пәтерлердің бірінде дәл осындай жағдайда болған жанжал екі адамның бірінің өлімімен аяқталған.

Осыған байланысты Петропавл қаласы полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов дәріхана басшыларымен арнайы кездесу өткізіп, медициналық спиртті сатуға барынша жауапкершілікпен қараудың маңыздылығына тоқталды.
Оның айтуынша, алкогольді шектен тыс тұтыну қылмысқа итермелейтін негізгі себептердің бірі болып қалып отыр. Жыл басынан бері қала аумағында мас күйде 144 қылмыс жасалған. Сонымен қатар қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішкені немесе мас күйінде жүргені үшін екі мыңнан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қазіргі уақытта созылмалы маскүнемдікке шалдыққан 1300-ден астам тұрғын профилактикалық есепте тұр.

Кездесу барысында дәріханаларға медициналық спиртті өткізу кезінде сақтық шараларын күшейту, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу және қажет болған жағдайда күдіктілерді анықтауға мүмкіндік беретін сапалы бейнебақылау жүйелерін орнату ұсынылды.
Полиция өкілдері алкогольге байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, медицина қызметкерлерінің, кәсіпкерлердің және қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Бірлескен әрі жүйелі жұмыс қана қоғамдық қауіпсіздікті нығайтып, мұндай қылмыстардың санын азайтуға мүмкіндік береді.
