Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында есірткіге қарсы күрес жөніндегі өңірлік штабтың отырысы өтті

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік штабтың кезекті II отырысы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жиында өңірдегі есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес, нашақорлықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстардың қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған міндеттер жан-жақты қаралды.

Қатысушылар есірткі мәселесі жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігі мен болашағына төнетін қатер екенін атап өтіп, оның алдын алу баршаға ортақ жауапкершілік екенін жеткізді.

Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай Абай облысында бір ай бойы кең ауқымды ақпараттық-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды. Мемлекеттік органдардың, жастар ұйымдарының, еріктілердің және қоғам белсенділерінің қатысуымен 50-ден астам акция, флешмоб, спорттық жарыс, концерттік бағдарлама және түсіндіру кездесулері өткізілді.

Айлықтың ашылуы Семей қаласының Республика алаңында мыңнан астам жастың қатысуымен өткен "Есірткіге STOP де!" флешмобымен басталды. Ал қорытындысында "Есірткісіз қала – есірткіге жол жоқ!" атты акция-концерт ұйымдастырылып, жастар арасында спорттық жарыстар мен танымдық викториналар өткізіліп, белсенді қатысушылар марапатталды.

Отырыс барысында Абай облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Тілек Қамза есірткіге қарсы күрестің маңыздылығына тоқталды.

– Есірткіге қарсы күрес – тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Жастардың денсаулығы мен қауіпсіз болашағын сақтау үшін ата-аналар, ұстаздар, мемлекеттік органдар және қоғам болып бірлесіп әрекет етуіміз қажет. Біз заңсыз есірткі айналымына тосқауыл қоюмен қатар, профилактикалық жұмыстарға ерекше мән беріп келеміз. Өйткені сақталған әрбір жас өмір – еліміздің жарқын болашағы, – деді ол.

Өңір басшысы Берік Уәли де өз сөзінде есірткінің таралуына қарсы іс-қимыл барлық мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, ата-аналардың және азаматтық қоғамның үйлесімді жұмысына негізделуі тиіс екенін атап өтті.

– Есірткімен күрес – құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Жастардың дені сау, білімді әрі ел болашағына үлес қосатын азамат болып қалыптасуы үшін алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде күшейту қажет. Мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары, ата-аналар мен қоғам бірлесе әрекет еткенде ғана бұл індеттің таралуына тосқауыл қоя аламыз. Біз жастардың салауатты өмір салтын таңдауына барлық жағдай жасап, олардың қауіпсіз әрі жарқын болашағы үшін кешенді жұмысты жалғастыра береміз, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ өңір басшысы жастар арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, профилактикалық іс-шаралардың тиімділігін арттыру және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Жыл басынан бері Абай облысында есірткіге қатысты 113 құқықбұзушылық анықталып, заңсыз айналымнан 340 келіге жуық есірткі және психотроптық зат тәркіленді. Сонымен қатар жастар арасында 338 профилактикалық іс-шара өткізіліп, білім беру ұйымдарында дәрістер, дөңгелек үстелдер, интерактивті сабақтар мен ақпараттық кездесулер ұйымдастырылды.

Өңірде жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстардың негізгі мақсаты – есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қоюмен қатар, жастардың салауатты өмір салтын таңдауына жағдай жасап, қауіпсіз әрі саналы қоғам қалыптастыру. Болашақ – есірткісіз өмірді таңдаған жастардың қолында.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру