Абай облысында жасөспірімдерге есірткінің қаупі түсіндірілді
Абай облысындағы "Достық" балалар сауықтыру лагерінде жасөспірімдердің есірткі қылмысына тартылуының алдын алуға бағытталған профилактикалық дәріс ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу барысында әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасөспірімдерді заңсыз әрекеттерге тарту фактілеріне ерекше назар аударылды. Мамандар "жеңіл әрі жылдам табыс" туралы ұсыныстардың астарында есірткіні жасырып кету, тасымалдау немесе заңсыз айналымына қатысу сияқты ауыр қылмыстар тұруы мүмкін екенін түсіндірді.
Сондай-ақ қатысушыларға есірткі құралдары мен психотроптық заттарды сақтау, тасымалдау және тарату үшін заңда көзделген қылмыстық жауапкершілік, мұндай әрекеттердің денсаулыққа, бостандыққа және болашаққа тигізетін ауыр зардаптары жан-жақты баяндалды.
Дәріс барысында интернеттегі қауіпсіздік мәселелері де кеңінен қозғалды. Жасөспірімдерге бейтаныс адамдардың күмәнді ұсыныстарына келіспеу, банк шоттары мен төлем карталарының деректерін, сондай-ақ жеке мәліметтерін бөгде адамдарға бермеу қажеттігі ескертілді.
Полиция өкілдері "жеңіл табыс" туралы уәделердің көбіне ауыр құқықтық салдарға бастайтынын атап өтті. Олардың айтуынша, ойланбай қабылданған бір ғана шешім адамның бүкіл өміріне кері әсер етуі мүмкін.
