Атырауда есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің жаңа мүшелеріне куәліктер табысталды
Атырауда есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің жаңа мүшелеріне куәліктер табысталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы полиция департаментінде есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынға кеңес мүшелері мен учаскелік полиция инспекторлары қатысып, 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған айлықтың қорытындылары шығарылды. Сондай-ақ кеңестің қатысуымен биылғы екінші жартыжылдықта жүзеге асырылатын профилактикалық іс-шаралар жоспары талқыланды.

Отырыс барысында кеңестің жұмысына жан-жақты талдау жасалып, оның құрамына жаңа мүшелер қабылданды. Оларға арнайы куәліктер табысталды.
Сонымен қатар есірткі қылмысына қарсы күреске елеулі үлес қосып, қызметтік міндеттерін кәсіби әрі жауапкершілікпен атқарған бірқатар азаматтар мен полиция қызметкерлері Атырау облысы полиция департаменті бастығының Алғыс хатымен марапатталды.

Жиын соңында "Заң және тәртіп" қағидаты аясында өңірде есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған алдағы іс-шаралар мен жаңа бастамалар пысықталды.
