Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысындағы табиғатты қорғау полициясының бір күні

Табиғат ұйықтамайды. Оны қорғайтындар да.  Осы орайда табиғатты қорғау полициясының бір күні қалай өтетіндігі туралы Polisia.kz сайты баяндап береді.

Таңғы тыныштықты көпшілік жаңа ғана қарсы алып жатқан сәтте, табиғатты қорғау полициясының инспекторлары қызмет бағытына әлдеқашан шығып үлгереді. Біреулер үшін бұл – кезекті жұмыс күні болса, олар үшін – табиғаттың амандығына жауапты тағы бір күн.

Инспекторлардың жұмыс күні жедел ақпараттарды талдаудан басталады. Одан кейін орман алқаптарына, өзен-көлдерге және аңшылық аймақтарға рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылады. Олар аңшылық пен балық аулау қағидаларының сақталуын қадағалап, заңсыз ағаш кесу, браконьерлік және табиғатқа зиян келтіретін өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алады.

Бақылау жұмыстары кейде құрлықта жүргізілсе, кейде су айдындарында жалғасады. Қажет болған жағдайда табиғат әуеден де бақыланады. Өйткені табиғатты қорғауда әрбір метр жер, әрбір ағаш пен әрбір тіршілік иесінің маңызы зор.

Бұл қызметтің басты мақсаты – құқық бұзушылықты анықтау ғана емес, оның алдын алу. Себебі сақталған бір түп ағаш – болашақтың тынысы, аман қалған бір жануар – табиғаттың үзілмеген өмірі.

Әрбір рейдтің, әр патрульдің және қабылданған әрбір шешімнің түпкі мақсаты – туған жердің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Табиғаттың үнсіз тілін түсінетін осы мамандар күн сайын оның қорғанына айналып келеді.

Көпшілік сүйсіне тамашалайтын өзен-көлдер мен жайқалған жасыл желектердің табиғи қалпын сақтауға табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері күн сайын аянбай еңбек етуде.

Олар – тек заң сақшылары ғана емес. Олар – орманның тынысы, өзеннің күзеті және табиғаттың үнсіз қорғандары.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру