Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда генерал-майор Нұрлан Рахымберлинді еске алуға арналған дәстүрлі турнир ұйымдастырылды

Қарағанды облысы полиция департаментінің арнайы кәсіби даярлық басқармасы мен “Арлан” спорт клубының ұйымдастыруымен құқық қорғау және күштік құрылымдар қызметкерлері арасында ішкі істер органдарының ардагері, полиция генерал-майоры, ішкі істер органдарының құрметті қызметкері, Қарағанды облыстық ішкі істер департаментін ұзақ жылдар басқарған Нұрлан Армияұлы Рахымберлинді еске алуға арналған шағын футболдан дәстүрлі турнир өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Дәстүрлі спорттық додаға Қарағанды облысындағы құқық қорғау және күштік құрылымдардың 12 командасы қатысты. Турнирдің ашылу салтанатына Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Талғат Мұғманов, Нұрлан Армияұлының отбасы мүшелері мен ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.

Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Талғат Мұғманов Нұрлан Рахымберлиннің ішкі істер органдарының дамуына қосқан зор үлесін атап өтіп, оның адал қызметі мен өмір жолы кейінгі буынға әрдайым үлгі екенін жеткізді.

– Бүгін біз ішкі істер органдарының ардақты ардагері, өз ісіне адал болған басшы Нұрлан Армияұлын еске алу үшін бас қосып отырмыз. Оның кәсіби біліктілігі, адамгершілік қасиеттері мен ел қауіпсіздігі жолындағы еселі еңбегі әріптестерінің жадында мәңгі сақталады. Осындай тағылымды турнирдің дәстүрге айналуы – аға буынға деген құрметтің айқын көрінісі. Барлық командаға тартысты ойын мен сәттілік тілеймін, – деді ол.

Өз кезегінде Нұрлан Рахымберлиннің ұлы әкесінің есімін ұлықтап, еске алу турнирін ұйымдастырған Қарағанды облысы полиция департаментінің басшылығы мен ұжымына отбасы атынан шынайы ризашылығын білдірді.

Одан кейін командалар жасыл алаңда өзара бақ сынасып, жоғары дайындық деңгейін, ұйымшылдық пен жеңіске деген жігерлерін көрсетті. Тартысқа толы кездесулер көрермендерге әсерлі сәттер сыйлады.

Жарыс қорытындысы бойынша үшінші орынды Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының командасы иеленді. Екінші орын Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің құрамасына бұйырса, турнирдің бас жүлдесін Қарағанды облысы полиция департаментінің командасы жеңіп алды.

Сондай-ақ жарыс барысында ерекше ойын өрнегін көрсеткен үздік футболшылар арнайы аталымдар бойынша марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар, медальдар, дипломдар және арнайы сыйлықтар табысталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру