Қарағанды облысында демалыс күндері мас күйінде көлік басқарған төрт жүргізуші жауапқа тартылды
Балқашта демалыс күндері мас күйінде көлік басқарған төрт жүргізуші жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Демалыс және мереке күндері Балқаш қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ қала аумағы мен демалыс орындарында заң мен тәртіпті сақтау мақсатында күшейтілген қызмет режимінде жұмыс атқарды.
Тәртіп сақшылары жол қозғалысы қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлді. Себебі жазғы демалыс маусымында мас күйінде көлік басқару және жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері жиілей түседі.
Мәселен, 7 шілде күні таңғы сағат 06:00 шамасында патрульдік полиция ротасының қызметкерлері қала сыртындағы демалыс орындарында жүргізілген рейд барысында техникалық талаптарға сәйкес келмейтін Toyota автокөлігін тоқтатты. Тексеру кезінде көлікті басқарған 19 жастағы азаматтың жүргізуші куәлігі жоқ екені анықталды. Сонымен қатар полицейлер оның алкогольдік ішімдік ішкеніне күмәнданып, медициналық куәландырудан өткізді. Сараптама қорытындысы бойынша жүргізушінің мас күйде болғаны расталды.
Аталған дерек бойынша әкімшілік материалдар рәсімделіп, заңнамаға сәйкес шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Жалпы демалыс күндері Балқаш қаласының полицейлері мас күйінде көлік басқарған төрт жүргізушіні анықтады. Олардың барлығы қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін ешқашан көлік тізгініне отырмауға шақырады. Мас күйінде көлік басқару – жүргізушінің ғана емес, жол қозғалысының өзге қатысушыларының өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін өрескел құқық бұзушылық.
