Қызылорда облысында пробация есебіндегі азаматтарға мәдени-танымдық іс-шара өтті
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Қармақшы аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар Қорқыт ата мемориалдық кешеніне барып, танымдық-мәдени іс-шараға қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Пробация есебіндегі азаматтарды қайта әлеуметтендіру мақсатында аудандық прокуратура, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен аудандық пробация қызметі бірлесіп "Қорқыт атаға тағзым" атты мәдени іс-шара ұйымдастырды.

Іс-шара барысында қатысушылар түркі дүниесінің ұлы ойшылы әрі күй атасы Қорқыт атаның мәңгілік мекені саналатын қасиетті Қармақшы жеріндегі Қорқыт ата мемориалдық кешеніне барды. Қонақтарды кешен басшылығы мен қызметкерлері қарсы алып, мұражай экспозицияларымен таныстырды. Сонымен қатар Қорқыт ата туралы аңыз-әңгімелер баяндалып, қобыз пішінінде бой көтерген ескерткіш пен желдің әсерінен шығатын қобыз үні келушілерге ерекше әсер сыйлады.
- Бүгінгі іс-шарадан ерекше әсер алдым. Қорқыт ата кешенінің тарихымен танысып, ұлттық құндылықтарымыз туралы мол мағлұмат алдым. Осындай тағылымды кездесулер адамға ой салып, өмірге деген көзқарасын өзгертуге ықпал етеді деп ойлаймын. Алдағы уақытта заң талаптарын сақтап, қоғамның белсенді әрі пайдалы азаматы болуға бар күш-жігерімді саламын. Осындай тәрбиелік мәні зор іс-шараны ұйымдастырған азаматтарға алғысымды білдіремін, – деді пробация есебінде тұрған азамат.
