Павлодарда полицейлер жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруда
Павлодар қаласындағы Жастар бастамаларын дамыту орталығында Солтүстік полиция бөлімінің қызметкерлері студенттермен интернет-алаяқтықтың алдын алу және цифрлық қауіпсіздік тақырыбында кездесу өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара барысында тәртіп сақшылары фишингтік сайттар, өзін банк қызметкері ретінде таныстыратын алаяқтардың қоңыраулары, бөтен адамның атына заңсыз несие рәсімдеу және әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттердің кең таралған тәсілдері туралы жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ интернетті қауіпсіз пайдалану қағидалары мен жеке деректерді қорғаудың тиімді жолдары жөнінде нақты ұсынымдар берілді.
Полицейлер студенттерге күмәнді сілтемелерге өтпеуге, банк карталарының деректерін, SMS арқылы келетін растау кодтарын және өзге де құпия ақпаратты бөгде адамдарға жария етпеуге кеңес берді.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, киберқылмыстан қорғанудың практикалық тәсілдері жөнінде жан-жақты ақпарат алды.
Іс-шара соңында полиция қызметкерлері жастарды интернет кеңістігінде қырағылық танытуға және алаяқтық белгілері байқалған жағдайда уақыт оздырмай құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырды.
