Атырауда құқық бұзушылықтардың алдын алуға тұрғындар белсенді атсалысуда
Атырауда жыл басынан бері "Белсенді азаматтар 06" Telegram чатына мыңға жуық хабарлама түсті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы полиция департаменті басшылығының бастамасымен құрылған "Белсенді азаматтар 06" Telegram жұмыс чаты құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында өз тиімділігін көрсетіп келеді.
Чат арқылы тұрғындар жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу фактілері, оның ішінде қарсы бағытқа шығып басып озу, жол кедергісін жасау, жол белгілерінің талаптарын сақтамау секілді құқық бұзушылықтар туралы жедел ақпарат жолдап, полиция қызметіне қолдау көрсетуде. Келіп түскен әрбір хабарлама мұқият зерделеніп, заң талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
Жыл басынан бері "Белсенді азаматтар 06" Telegram жұмыс чатына мыңға жуық хабарлама келіп түсті. Оның ішінде 300-ден астамы – жол қозғалысына кедергі келтіру деректері болса, 200-ден астамы – жол белгілерінің талаптарын сақтамауға қатысты. Бұл тұрғындардың қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігіне бейжай қарамай, құқық бұзушылықтардың алдын алуға белсенді атсалысып отырғанын көрсетеді.
