Ақтөбе облысында "Таза Қазақстан" акциясы аясында профилактикалық рейд өтті
Ақтөбе облысында "Таза Қазақстан" акциясы аясында профилактикалық рейд өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Таза әрі көрікті ауыл – тұрғындардың экологиялық мәдениеті мен туған жерге деген жанашырлығының айқын көрінісі. Осы мақсатта "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Қаратоғай ауылында бірлескен профилактикалық рейд ұйымдастырылды.
Іс-шараға ауыл әкімі, учаскелік полиция инспекторы және Қаратоғай өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері қатысып, елді мекен көшелерінің санитарлық жағдайына мониторинг жүргізді. Рейд барысында тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару, аулалар мен қоғамдық орындардың тазалығын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ қараусыз қалған және апатты жағдайда тұрған тұрғын үйлердің иелерімен профилактикалық-түсіндіру жұмыстары өткізілді.
Кездесу барысында тұрғындарға тазалық талаптарын сақтау, өрт қауіпсіздігі қағидаларын қатаң орындау және адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін нысандарды ретке келтірудің маңыздылығы түсіндірілді. Мамандар анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұсынымдар беріп, қолданыстағы заңнама талаптарын тағы бір мәрте еске салды.
Тазалық – бір реттік акция емес, күнделікті өмір салты мен қоғамдық мәдениеттің маңызды бөлігі. Ауылдың көркі мен қауіпсіздігі әрбір тұрғынның жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан туған жердің тазалығы мен абаттануына үлес қосу – баршаға ортақ міндет.
