Абай облысында полиция су айдындарындағы қауіпсіздікке бақылауды күшейтті
Абай облысында полиция қызметкерлері өзендер мен су айдындарының жағалауында профилактикалық рейдтерді күшейтті. Жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар су жағалауындағы демалыс орындарын аралап, жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Тәртіп сақшылары балалардың ересектердің қарауынсыз су айдындарының маңында жүруі үлкен қауіп төндіретінін ескертеді.
Полиция азаматтарға суға тек арнайы жабдықталған орындарда шомылу қажеттігін еске салады. Сондай-ақ белгісіз жерлерде суға түсуге, қалқыма белгілерден асып жүзуге, ескерту белгілерін елемеуге және құтқару құралдарын пайдаланбауға болмайды.
Тыйым салынған орындарда шомылу жалпы су пайдалану қағидаларын бұзу болып саналады және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.
– Қайғылы жағдайға кейде бірнеше секундтың өзі жеткілікті. Сондықтан балаларды су жағасында аз уақытқа болса да қараусыз қалдырмаңыздар. Ересектердің тұрақты бақылауы олардың өмірін сақтап қалуы мүмкін, – деп ескертті полиция қызметкерлері.
Өзендер мен су айдындарының жағалауындағы профилактикалық рейдтер жаз бойы жалғасады.
Полиция ата-аналарды кәмелетке толмағандардың бос уақытын бақылауда ұстап, балаларға судағы қауіпсіздік ережелерін алдын ала түсіндіруге шақырады.
