Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысында қылмыс азайып, интернет-алаяқтыққа қарсы күрес күшейтілді

Ақтөбе облысы полиция департаментінде жылдың бірінші жартыжылдығы қорытындыланып, алдағы кезеңнің басым міндеттері айқындалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе облысы полиция департаментінде жылдың бірінші жартыжылдығындағы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалған жедел кеңес өтті.

Кеңесті ашқан Ақтөбе облысы полиция департаментінің бастығы Қайыркен Әлиев ішкі істер органдарының қызметі заңдылықты, құқықтық тәртіпті және азаматтардың құқықтарын мүлтіксіз қорғау қағидаттарына негізделетінін атап өтті.

– Біздің басты міндетіміз – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті нығайту, халықтың полицияға деген сенімін арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу. Бұл қағидаттар "Заң және тәртіп" тұжырымдамасын іске асырудың әрі Әділетті Қазақстанды құрудың негізі болып табылады, – деді Қайыркен Әлиев.

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өңірде негізгі бағыттарда оң нәтижелерге қол жеткізілді. Жалпы қылмыс деңгейі 10 пайызға төмендеді. Сонымен қатар қылмыстың негізгі санаттары бойынша да төмендеу байқалды. Қылмыстарды ашу көрсеткіші жақсарып, жедел-іздестіру және тергеу жұмыстарының тиімділігі артты. Алдын алу шараларының нәтижесінде ұрлық саны 23 пайызға, ал тонау деректері 17,5 пайызға азайды.

Кеңесте ішкі істер органдарын цифрлық трансформациялау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2026 жыл "Цифрландыру және жасанды интеллект" жылы болып жарияланды. Осыған байланысты жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу, зияткерлік бейнеталдау жүйелерін дамыту, ұшқышсыз технологияларды пайдалану және Жедел басқару орталықтарының мүмкіндіктерін одан әрі кеңейту бойынша нақты міндеттер жүктелді.

Интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері де жеке қаралды. Жыл басынан бері мұндай қылмыстар саны 4 пайызға азайды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жәбірленушілерге 128 млн теңгеден астам қаражат қайтарылып, тағы 54 млн теңгенің заңсыз аударылуына жол берілмеді. Бұдан бөлек, 27 мыңнан астам алаяқтық қоңырау бұғатталды.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету де негізгі басым бағыттардың бірі болып қала береді. Бірінші жартыжылдықта жол-көлік оқиғаларының саны 2,5 пайызға, ал зардап шеккендер саны 6 пайызға төмендеді. Департамент бастығы жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстарын күшейтуді, Жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзушыларды анықтау және олардың жолын кесу жұмыстарын жандандыруды, сондай-ақ цифрлық технологияларды кеңінен қолдануды тапсырды.

Қайыркен Әлиев қызметтік тәртіп пен заңдылықты сақтау мәселелеріне де ерекше тоқталды. Ол ведомстволық бақылауды күшейтуді, жеке құрам арасындағы профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруды және тәртіп пен заң талаптарын бұзудың әрбір дерегіне қағидатты түрде әрекет етуді тапсырды. Сонымен қатар барлық деңгейдегі басшыларға бағынысты бөлімшелердегі қызметтік тәртіп пен заңдылықтың жай-күйі үшін жеке жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.

Кеңес соңында жедел-қызметтік қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлер адал еңбегі, кәсіби шеберлігі және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін Алғыс хаттармен марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру