ШҚО-да полицейлер балалар арасындағы профилактикалық жұмысты күшейтті
ШҚО-да полицейлер балалар арасындағы профилактикалық жұмысты күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жазғы демалыс кезеңінде Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бөлімшелерінің қызметкерлері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және заң мен қоғамдық тәртіпке құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған кешенді профилактикалық жұмыстарды жалғастыруда.
Бұл бағыттағы жұмыстар елімізде жарияланған "Қауіпсіз балалық шақ" жылы аясындағы негізгі басымдықтардың бірі саналады.
Полицейлер күн сайын саябақтарда, спорт және ойын алаңдарында, сондай-ақ жасөспірімдер жиі жиналатын өзге де қоғамдық орындарда рейдтік іс-шаралар өткізуде. Кездесулер барысында тәртіп сақшылары балаларға қауіпсіз мінез-құлық қағидаларын түсіндіріп, қолданыстағы заңнама талаптарын еске салады. Сонымен қатар жасөспірімдерді өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарауға, құқықтық мәдениетті сақтауға және қоғамдық тәртіпті құрметтеуге үндейді.
Профилактикалық жұмыстар барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударылады. Полицейлер ата-аналармен де түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырудың, олардың араласатын ортасын бақылаудың және әсіресе кешкі уақытта қараусыз қалдырмаудың маңыздылығын түсіндіреді.
Мұндай іс-шаралар құқық бұзушылықтың алдын алумен қатар, өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің мәліметінше, құқық қорғау органдарының, ата-аналардың және қоғамның бірлескен жұмысы ғана балалардың қауіпсіз әрі мазмұнды жазғы демалысын қамтамасыз етіп, қоғамда "Заң мен тәртіп" қағидаттарының нығаюына ықпал етеді.
