Павлодар облысында полицейлер мектептерде профилактикалық кездесулер өткізіп жатыр
Жаңа оқу жылының басталуына байланысты Павлодар ауданының полиция қызметкерлері мектептерде профилактикалық дәрістер, құқықтық сағаттар және тақырыптық кездесулер өткізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқушылармен кездесулер барысында полицейлер қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелері мен құқықтық сауаттылық мәселелерін түсіндіреді. Буллинг пен кибербуллингтің, интернет-алаяқтық пен өзге де киберқылмыс түрлерінің алдын алуға, есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың жолын кесуге және кәмелетке толмағандардың есірткінің заңсыз айналымына тартылуына жол бермеуге ерекше назар аударылады.
Сондай-ақ оқушыларға интернетті қауіпсіз пайдалану, қоғамдық орындарда өзін ұстау, жеке қауіпсіздік шаралары және құқық бұзушылық жасағаны үшін кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі түсіндіріледі.
– Біздің міндетіміз – балаларға қауіп-қатер туралы айтып қана қоймай, оларды түрлі жағдайларда дұрыс әрекет етуге үйрету. Әрбір бала өз құқықтары мен міндеттерін білуі, ойланбай жасаған әрекеттерінің салдарын түсінуі және жеке қауіпсіздік ережелерін сақтауы маңызды. Кәмелетке толмағандармен профилактикалық жұмыс тұрақты түрде жалғасады, – деді жергілікті полиция қызметінің бастығы Алексей Елеуов.
Профилактикалық кездесулердің негізгі мақсаты – балалардың өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру, құқықтық мәдениетін арттыру және күнделікті өмірде қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын нығайту.
